Сайт бойынша іздеу
 
Информационный сервер xFRK: валютные баннеры для Вашего сайта

 

Баянауыл ауданы

әкімдігінің ресми сайты

Әкімнің құттықтау сөзі
 

<< Артқа | Баянауыл ауданының әкімі Күлжан Нұрлан Мұқатайұлы

 

452588.jpgҚұрметті интернет пайдаланушылар!

Баянауыл ауданы әкімінің сайтына қош келдіңіздер! Бүгінгі күні халықтың еркін ақпарат алуын қамтамасыз ету демократиялық, ашық қоғамның бірден-бір міндеті. Дүниежүзілік қолданыстағы технологияларды белсенді пайдалана отырып, халықпен байланыста болу – мемлекеттік басқару органдарының басты ұстанымы болуы шарт. «Электронды үкімет» билік органдарының халықпен өз дәрежесінде бірлесіп жұмыс жасауға, қызмет тиімділігін арттыруға жағдай жасайды.

Баянауыл ауданының ресми сайты жергілікті басқару органдарының құрылымымен танысуға, атқарып жатқан жұмыстары туралы ақпараттар мен өңірдің тарихымен, әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аудан әкімінің ресми сайты Сіздермен пікір алмасуға, көпшілік тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып шешімдер қабылдауға, ауданымыздың жан-жақты дамуына қызмет жасайтынына сенімдімін.

Қасиетті қазақ даласындағы таңғажайып табиғатымен дараланатын өлке – Баянаула. Баянауыл ауданының жер көлемі ─ 18,5 мың шаршы километр. Бүгінде ауданда 39 елдімекен, 13 ауылдық округ, 1 кент бар, халық саны – 27443 адам. Ауданның ұлттық құрамы – көпұлтты, 18 ұлт өкілдері тұрады.

Ауданда  22 мәдениет үйі, 37 кітапхана, Қ.Сәтбаев мемориалдық музейі, С.Торайғыров, М.Ж.Көпеевтың мұражайлары жұмыс істейді.

Жалпы орта білім беретін мектептер – 21, жалпы негізгі -3, 8 бастауыш мектептерде 4740 оқушылар білім алуда. Агро-техникалық колледж, 7 балабақша, 16 шағын орталық және 2 балабақша оқу-тәрбие кешені бар. 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту 100%-ды құрайды.

Жаяу Мұса атындағы өнер мектебі және Майқайың кентінде өнер мектебі жұмыс жасайды. Сонымен қатар, жасөспірімдер спорт мектебінде 1043 бала спортттың 17 түрімен шұғылданады. Бұқаралық спортпен 7672 адам шұғылданып, аудан тұрғындары санының 28,4 %-ды құрап отыр.

Ауданда 37 орындыаудандық аурухана, 30 орынды туберкулезге қарсы емдеу ауруханасы, 10 орынды Майқайың кентінің учаскелік аурухансы, 2 ФАП, 5 ауылдық дәрігерлік амбулаториялар, 23 медициналық пункттері жұмыс атқарады.

2016 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму жоспары бойынша 633 жаңа жұмыс орындарын ашу  жоспарланған, оның ішінде 140 тұрақты және 493 уақытша және маусымдық жұмыс орындары.

Баянауыл ауданы орталығында екі өндірістік жол учаскесі, байланыс, «Қазпошта», әлеуметтік көмек көрсету, жастар орталығы, «Имандылық» орталығы, ішкі істер, қорғаныс істері жөніндегі бөлімдері, «Халық банкі», 53 сауда орындары орналасқан.

Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ, «Майкөбен-Вест» ЖШС, «Сарыкөл», «Талдыкөл» көмір разрездері және «Керегетас» руднигі сынды ірі өңдіріс кәсіпорындары ел игілігі үшін қызмет етуде. Өнеркәсіп өндірістері өнімінің басым бөлігі экспортқа арналған ресурстық шикізат.

Ауданның негізгі саласы – ауыл шаруашылығы саласы болып табылады. Қазақстан Республикасының үдемелі индустриалды-инновациялық мемлекеттік бағдарламасы аясында «МТС Жайма» ЖШС-і «2010 жылдан бастап 7 мың бас қазақ ақбас тұқымды ірі қара малын, оның ішінде 2500 бас аналық мал басын бірге ұстау үшін дамыған инфрақұрылымымен малшаруашылығы кешенін құру» инвестициялық жобасын іске асыруда. Қазіргі кезде шаруашылықта 3115 бас  асыл тұқымды ірі қара мал бар, оның 1032 қазақтың ақ бас сиыры, 1155 ангус, 928 герефорд.

Жаңажол ауылдық округінде «Bayanaul Agro» шаруа қожалығы 2011 жылы құрылып, «Жылына  125 тонна ет өндіретін инфрақұрылымы дамыған мал  шаруашылығы кешенін құру» инвестициялық жобасымен жұмыс  жүргізуде.

Торайғыр ауылдық округінде «Сары жайлау Капитал» ЖШС-нің мал   шаруашылығы кешенін құру жоспарлануда,  мерзімі 2013-2017 жыл, құны 50,0 млн.тенге, жобаның қуаты - 120 тонна ет өндеу.

«Артези»  ЖШС-і 2015-2016 жылдарға арналған «Минералды су өндіру және құю» инвестициялық жобамен жұмыс жүргізуде.

Ауданның жер қоры 1850,7 мың га, оның ішінде ауыл шаруашылығының пайдалы жерлері 1696,9 мың гектар, оның ішінде егістікті – 47,7 мың гектар құрайды.

1985 жылы Баянауыл ауданы аумағында 49 мың гектар алқапты алып жатқан мемлекеттік табиғи ұлттық парк құрылды.

Ол өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғауға бағытталған. Сабындыкөл, Жасыбай көлдері, көптеген археологиялық ескерткіштер, палеолит, дәуірінің үңгірлері, табиғи байлықтың мол қоры – ежелден-ақ көрнекті ғалымдар мен геологтардың, этнографтардың назарын аударды.

Әр уақытта мұнда Г.Н.Потанин, Ш.Ш.Уәлиханов, Ф.А.Обручев, Томск университетінің профессорлары В.В.Сапожников, П.Л. Драверт, И.А. Усов және басқалары да болған.

Баянаула жері – Ұлы Даланың алғашқы заң ережелері мен өмір сүру тәртібі өркендеген мекен. Қазақ халқының мәдениеті мен ғылымының тарихында баянауылдық алаштың ақиық азаматтары – Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Сәдуақас Шорманұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Жұмат Шанин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Қошке Кемеңгеров, Қадыр Тайшықов, Мұхтар Саматовтардың қосқан үлестері орасан зор.

Баянауылдың табиғаты қандай керемет болса, ол жерден шыққан адамы да өнерімен, ғылымға деген талабымен ерекше. Кеңестік заманда қазақ ғылымының, әдебиеті мен өнерінің туын жоғары көтеріп, әлемге танытқан қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаев, өз саласының тұңғышы Ермахан Бекмаханов, Шапық Шөкин, Әбікен Бектұров, Халел Арғынбаев секілді ғұламалар және тұңғыш кинорежиссер Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетайұлы сынды көптеген аймандай азаматтардың есімдері үлкен мақтаныш.

Міне, осындай бай өлкенің өсіп-өркендеуіне, халықтың тұрмыс-тіршілін жақсарту бағытында өзара түсіністік пен бірлікте қызмет етуге дайынбыз!

Құрметпен,

Баянауыл ауданының әкімі

Нұрлан Мұқатайұлы Күлжан.

 

 

4844755
2018

"Баянауыл ауданы әкімнің аппараты" © ММ, 2008 ж.